Талдықорғанда алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету инфрақұрылымы кеңейіп, Республика күні қарсаңында ауысымына 500 адам қабылдауға арналған жаңа қалалық емхана жұмысын бастады. Медициналық мекеме шамамен 62 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Қаланың өсуіне байланысты қолданыстағы медициналық ұйымдарға түсетін жүктемені азайту көзделген.
Бес қабатты, жалпы ауданы 11,5 мың шаршы метрден асатын ғимарат МРТ, компьютерлік томография, рентген және маммография аппараттарымен жабдықталған. Мұнда зертхана мен күндізгі стационар ашылып, отбасылық денсаулық орталығы және амбулаториялық хирургия орталығы қарастырылған. Соңғысы Талдықорған қаласындағы емхана базасында осындай бағытта алғаш рет ашылып отыр. Онда аз инвазивті хирургиялық операциялар жүргізу жоспарланған.
Медициналық мекемеде 445 қызметкер жұмыс істейді. Пациенттерге жалпы практика дәрігерлері мен бейінді мамандар 32 учаске бойынша қызмет көрсетеді. Ғимарат қозғалысы шектеулі пациенттердің қажеттіліктеріне де бейімделген.
Ашылу салтанатында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев медициналық инфрақұрылымды дамыту өңірдің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Сонымен қатар медицина кадрларын тарту үшін біржолғы көтерме жәрдемақы төлеу көзделген. Облыс қалаларына жұмысқа келетін дәрігерлерге 5 млн теңге, ал ауылдық жерлерде еңбек етуді таңдаған мамандарға 10 млн теңге беріледі.
Өңірде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Облыс құрылғаннан бері 149 медициналық нысан салынды. Оның 59-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Бұдан бөлек, 15 медициналық мекемеде күрделі жөндеу жүргізілді. Соңғы төрт жылда әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту көрсеткіші 55,8 пайызға жетті.
