Алматы облысында Кеген — Нарынқол тас жолының 74 км жөндеу жұмыстары аяқталып, құны шамамен 3 млрд теңге болатын Compass Group жол бойындағы кешені ашылды.Жолды жөндеуге 8,1 млрд теңге бағытталды.
Осы бағытпен күн сайын 1200-ден астам көлік жүреді. Жоба аясында 165 000 тонна асфальтбетон төселіп, 14 аялдама, 78 қиылыс пен кірме жол жөнделді, сондай-ақ алты су өткізу құбыры орнатылды.
Бұл тас жол ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға мүмкіндік береді, шалғай елді мекендерді байланыстырады және туризмнің дамуына ықпал етеді.
Алматы–Кеген тас жолының бойында аумағы екі гектарды құрайтын «Compass Group» кешені орналасқан. Оның құрамында жанармай құю станциясы, экспресс-дүкен, дәмхана және арнайы демалыс аймағы бар. Жоба аясында 80 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Соңғы екі жыл ішінде «ҚазАвтоЖол» компаниясы өңірдің жол инфрақұрылымына 32 миллиард теңге инвестиция салып, 400 шақырым жолды жаңартты. Қазіргі уақытта Алматы–Қаскелең тас жолын төрт жолақтан сегіз жолаққа дейін кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Алматы–Талғар жолын жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланған.
