Жаңалықтар

СОЗАҚ АУДАНЫНДАҒЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ РЕЙД БАРЫСЫНДА БЕС ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫ АНЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысының Созақ ауданында тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төгуге қатысты бес дерек анықталды. Жергілікті тұрғындар белгіленбеген орындарға шамамен төрт тонна қоқыс тастаған. Құқықбұзушылықтар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері тарапынан анықталды.

Барлық анықталған фактілер бойынша әкімшілік шаралар қабылданды. Сонымен қатар құқықбұзушыларға ластанған аумақтарды өз күштерімен тазалап, қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға шығару міндеттелді. Әрқайсысымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Рейдтердің мақсаты – абаттандыру қағидаларын бұзу фактілерінің жолын кесу және стихиялық қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеу. Полиция қоғамдық орындар мен тұрғын үйлердің ауласын таза ұстауға тұрғындардың өздері де жауапты екенін еске салады.

Тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын белгіленбеген орындарға тастауға жол берілмейді.

Back to top button