Қаржылық мониторинг агенттігі интернет-казинолардың заңсыз қызметіне жәрдемдесу фактісі бойынша қылмыстық істі сотқа жолдады. Тергеу аяқталды.
Іс материалдарына сәйкес, шетелдік онлайн-казиноларға қызмет көрсету үшін өз бақылауындағы үш компаниядан тұратын төлем желісі пайдаланылған. Әртүрлі банктерде орнатылған жүздеген терминал арқылы Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN платформаларының пайдасына ақша аударымдары жүргізілген.
Транзакциялардың жалпы сомасы 191 млрд теңгеге жеткен. Ал комиссиялық алымдардан түскен болжамды табыс 286 млн теңгені құраған.
Тергеу барысында төлемдердің нақты мақсатын жасыру үшін схемаға қатысушылар заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банктік деректемелерін пайдаланғаны анықталды. Оның үстіне, кейбір кәсіп иелері бұл туралы білмеген. Олардың атына интернет-эквайринг рәсімделіп, жалған шарттар мен сайттар арқылы заңды сауда және қызмет көрсету әрекеті көрсетілген. Кейін қаражат шетелдік алушыларға, оның ішінде криптовалюта арқылы аударылған.
Болжамды ұйымдастырушы қамауда отыр. Сот санкциясымен төрт көлік құралы мен 103 млн теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынды.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, істің өзге де мән-жайлары жария етілмейді.
