Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН ЕТ ӨНДІРІСІН АРТТЫРЫП, ЖАҢА МАҚСАТТАР ҚОЙЫП ОТЫР

2026 жылы Қазақстан сиыр етінің экспортын 43 мың тоннаға дейін жеткізді. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 34,4%-ға жоғары. Ал қой етінің шетелге жеткізілім көлемі 30 мың тоннаға жетті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Саланы одан әрі дамыту мақсатында 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Құжатқа сәйкес, еттің барлық түрі бойынша өндіріс көлемін 1,2 миллион тоннадан 1,8 миллион тоннаға дейін, ал ауыл шаруашылығы құрылымдарында өндірілетін сүт көлемін 1,4 миллион тоннадан 2,1 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Жоспарда малдың өсімін молайту және өнімділік көрсеткіштерін арттыру көзделген. Қазір әрбір 100 сиырдан 64 бұзау алынады. Алдағы мақсат — бұл көрсеткішті кемінде 80-ге жеткізу. Ірі қара малдың тәуліктік орташа салмақ қосуын 600 — 800 грамнан 1,5 — 1,8 килограмға дейін арттыру жоспарланған. Заманауи сүт фермаларында әр сиырдан жылына 10 мың литрге дейін сүт алу көзделіп отыр.

Сонымен қатар сүт тауарлы фермаларын салу жобаларын қаржыландыру жалғасуда. 2023 жылдан бері 102 жоба бойынша қаржыландыру мақұлданып, оның 71-і пайдалануға берілді. Бағдарлама аясында Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін еліміздің басқа өңірлеріне тарату көзделген.

Back to top button