Жаңалықтар

ШҚО-ДАҒЫ АВТОСАЛОН ТҰТЫНУШЫ ҚҰҚЫҒЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАЗАЛАНДЫ

Шығыс Қазақстан облысындағы автосалон тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнама талаптарын екі рет бұзып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тексеруге жергілікті тұрғынның автокөлікті сатып алу-сату шартын рәсімдеу кезінде құқықтарының бұзылғаны жөніндегі шағымы негіз болды. Өтініш түскеннен кейін ШҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Тексеру барысында автосалонның клиенттің шағымына заңда белгіленген мерзімде жауап бермегені анықталды. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, кәсіпкерлер тұтынушының өтініші түскен күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде жазбаша жауап беруге міндетті.

Анықталған заң бұзушылық бойынша компанияға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.

Кейін тұтынушы департаментке қайтадан жүгінген. Қайта жүргізілген тексеру барысында автосалонның заң талаптарын тағы да орындамағаны және шағымды тиісті тәртіппен қарамағаны белгілі болды. Бұл әрекет қайталанған құқық бұзушылық ретінде бағаланды.

Нәтижесінде кәсіпкерлік субъектісі «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң талаптарын екі рет бұзғаны үшін айыппұл арқалады.

Back to top button