Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Тайланд Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Пияпин Нийомрекспен кездесті. Тараптар туризм, өнеркәсіп, цифрлық технологиялар, құрылыс және азық-түлік өндірісі салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Биыл Қазақстан мен Тайланд дипломатиялық қатынастарының орнағанына 34 жыл толуын атап өтуде. Мамыр айында Алматы облысының ресми делегациясы THAIFEX — Anuga Asia 2026 халықаралық көрмесіне қатысып, оның қорытындысы бойынша Тайландтың туристік қауымдастықтарымен серіктестік туралы меморандумдарға қол қойылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы мен Тайланд арасындағы тауар айналымы 15 млн АҚШ долларын құрады. Өңір агроөнеркәсіп кешені, тамақ өнеркәсібі, логистика, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және қонақүй бизнесі салаларына инвестиция тартуға мүдделі.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, Алматы облысы еліміздегі ең тартымды туристік бағыттардың бірі болып қала береді. 2025 жылы өңірге 147 мыңнан астам шетелдік турист келген. Сонымен қатар, Таиландтан келген қонақтар саны 2025 жылы 45 адамнан 2026 жылдың алғашқы бес айында 414 адамға дейін артқан. Қазіргі таңда Қазақстан мен Тайланд арасында аптасына 23 тұрақты әуе рейсі орындалады.
Пияпин Нийомрекс өңірдің экономикалық және туристік әлеуетіне жоғары баға беріп, Тайланд Премьер-министрінің орынбасары әрі Сыртқы істер министрінің Қазақстанға алдағы сапары туралы хабарлады.
Жақын күндері Алматыда 12 жетекші тай компанияларының 30-дан астам өкілі қатысатын «Қазақстан – Тайланд» бизнес-форумы өтеді. Тараптар жаңа іскерлік байланыстар мен бірлескен жобалар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
