Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫ ҮЙЛЕРІНІҢ МАҢЫНДА КӨЛІК ҚОЮҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ ДЕГЕН ЖАЛҒАН АҚПАРАТҚА СЕНБЕУГЕ ШАҚЫРДЫ

 

Әлеуметтік желілер мен бірқатар БАҚ-да 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда тұрғын үйлердің маңына автокөлік қоюға тыйым салынады деген ақпарат таралуда. Алайда бұл мәлімет шындыққа жанаспайды.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы бұйрықта тұрғын үйлердің маңына көлік қоюға қатысты жаңа шектеулер қарастырылмағанын түсіндірді.

Ведомствоның мәліметінше, құжат нормативтік-құқықтық базаны Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне сәйкестендіруге бағытталған және бұрыннан қолданыста болған нормаларды нақтылайды.

Министрліктің түсіндіруіне сәйкес, жаңа қағидаларда азаматтардың тұрғын үйлердің жанындағы арнайы жабдықталған автотұрақтарға көлік қоюына тыйым салатын ешқандай норма жоқ.

Өзгерістер нақтылау сипатында енгізілген. Атап айтқанда, 32-ші тармақта жеке тұрғын үйлерге іргелес аумақта сақтауға тыйым салынатын жылжымалы мүліктің тізбесі нақтыланған. Бұған дейін «өзге де жылжымалы заттар» деген жалпы тұжырым қолданылса, енді автокөліктер, тіркемелер мен арбалар жеке көрсетілген.

Сонымен қатар әңгіме тек ортақ пайдаланудағы аумақтарда мүлікті ұзақ уақыт сақтауға және жинап қоюға қатысты болып отыр. Бұл көлік құралдарын пайдалануға немесе арнайы белгіленген орындарға қоюға тыйым салуды білдірмейді.

Министрлік абаттандырудың үлгілік қағидалары жол қозғалысын ұйымдастыру, автотұрақтарды реттеу және көлік құралдарын пайдалану мәселелерін қамтымайтынын атап өтті. Сондықтан 1-ші шілдеден бастап көлік қоюға жаңа тыйымдар енгізіледі деген мәлімдемелер құжаттың мазмұнына сәйкес келмейді.

Ведомство азаматтарды ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға және нормативтік құқықтық актілерге қатысты жалған түсіндірмелерді таратпауға шақырды.

 

Back to top button