ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Кожиков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте рұқсатсыз қоқыс үйінділерін анықтау және жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді.
2026 жылдың басынан бері ғарыштық мониторинг арқылы 884 рұқсатсыз қоқыс үйіндісі анықталып, олардың 196-сы жойылды. Мұндай нысандардың ең көбі Абай, Қостанай және Ұлытау облыстарында тіркелген.
Ерболат Кожиковтың айтуынша, мемлекеттік органдар мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ның бірлескен жұмысының нәтижесінде соңғы жылдары елдегі рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің саны айтарлықтай азайған. Атап айтқанда, олардың саны 2020 жылғы 8 884-тен 2025 жылы 3 828-ге дейін қысқарған. Ал оларды жою деңгейі 97 пайызға жетті.
Қазіргі таңда ғарыштық мониторинг республикалық маңызы бар қалаларды, облыс орталықтарын және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қоса алғанда, 46 аумақты қамтиды. Сәуір айында қоқыс үйінділерін анықтау және жою жөніндегі жедел штаб құрылды. Рейдтік іс-шаралар барысында қосымша 488 қоқыс үйіндісі анықталып, олардың 94-і жойылған.
Қоқыс үйінділерін жою жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін 15 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 3,7 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің мәліметінше, ғарыштық мониторинг аясын кеңейту, экологиялық бақылауды цифрландыру және «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің санын азайтып, экологиялық қадағалаудың тиімділігін арттыруға ықпал етіп отыр.
