Жаңалықтар

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА: МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ БАҒАСЫ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапарымен барып, ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Мемлекет басшысы бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, елдегі өңірлік дамудың ең ауқымды бастамаларының бірі саналатын Алатау қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА: МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ БАҒАСЫ

Сапар бағдарламасы Алатау қаласының даму перспективаларымен таныстырудан басталды. Мемлекет басшысына заманауи қалалық инфрақұрылымды қалыптастыру, инвестиция тарту және жаңа экономикалық өсім нүктелерін құру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды. Қазіргі таңда Алатау қаласының аумағы 88 мың гектарды құрайды және төрт функционалдық аймаққа бөлінген. Оларды дамыту жұмыстары 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Негізгі даму бағыттары айқындалып, магистральдық инфрақұрылым салу жөніндегі жол картасы іске асырылуда, сондай-ақ қаланы басқарудың жаңа моделі енгізілуде.

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА: МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ БАҒАСЫ

Бүгінде Алатауда Gate City тұрғын ауданы қарқынды дамып келеді. Қалада жүйе құраушы кәсіпорындар жұмыс істеп тұр, ал инвестициялық қоржында жалпы құны екі триллион теңгеден асатын 53 жоба бар. Олардың қатарында Орталық Азиядағы ең ірі картоп өңдеу зауытын салу, үй жануарларына арналған жем өндірісін іске қосу, фармацевтика саласын дамыту және ірі логистикалық кластер құру жобалары бар.

Кеңес барысында Алматы облысы мен оның әкімшілік орталығы — Қонаев қаласын кешенді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА: МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ БАҒАСЫ

Жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің соңғы жылдары қол жеткізген нәтижелеріне жоғары баға берді. Президент биыл Қонаев қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілгеніне төрт жыл толатынын еске салды. Осы уақыт ішінде қала айтарлықтай өзгеріп, өңірдің әкімшілік, туристік және іскерлік орталығы ретіндегі позициясын нығайтты.

Мемлекет басшысы өңірдегі оң өзгерістер жүйелі әрі дәйекті жұмыстың нәтижесі екенін ерекше атап өтті.

Қалада ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қонаев біртіндеп әкімшілік, туристік және іскерлік орталық ретіндегі орнын нығайтып келеді. Бұл — облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің еңбегі, — деді Президент.

Мемлекет басшысының мұндай жоғары бағалауы өңірде атқарылып жатқан жұмыстың тиімділігін көрсетеді. Соңғы жылдары Алматы облысында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Инженерлік желілер жаңғыртылып, жаңа өндірістер мен жұмыс орындары ашылуда. Сонымен қатар өңірдің инвестициялық тартымдылығы артып келеді.

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА: МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ БАҒАСЫ

Президент Алматы облысының одан әрі тұрақты дамуының зор әлеуеті бар екенін де атап өтті. Қолайлы географиялық орналасуы, дамыған көлік инфрақұрылымы, туризм мүмкіндіктері және инвесторларды тарту бағытындағы белсенді жұмыстың арқасында өңір ел экономикасының негізгі өсім нүктелерінің біріне айналып келеді.

Back to top button