Жаңалықтар

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БҰРЫНҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІГЕ ҚАТЫСТЫ ТЕРГЕУ БАСТАЛДЫ

 

Алматы облысының Кеген ауданында бұрынғы мемлекеттік қызметшіге алаяқтық жасады деген күдікпен қатысты қылмыстық тергеу басталды.

Прокуратураның мәліметінше, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бұрынғы қызметкері кәсіпкерлерге жер телімдерін алып беруге көмектесе алатынын айтып сеніміне кірген. Ол бұған дейінгі лауазымы мен қызметтік байланыстарын алға тартып, кәсіпкерлердің сеніміне ие болған.

Тергеу мәліметінше, жер мәселесін шешіп беремін деген желеумен ол бірнеше кәсіпкерден 20 миллион теңгеден астам қаражат алған.

Аталған дерек бойынша Кеген аудандық прокуратурасы биылғы 19 мамырда алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді. Қылмыстық іс алаяқтық үшін жауапкершілік көзделген бап бойынша қозғалды.

Қазіргі уақытта тергеуді Кеген аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізіп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, күдіктінің әрекетіне құқықтық баға береді.

 

Back to top button