Жаңалықтар

БУРАБАЙДА ДЕМАЛЫС ОРНЫНА ҚАТЫСТЫ ШАҒЫМНАН КЕЙІН АҚША ҚАЙТАРЫЛДЫ

 

Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің араласуынан кейін тұтынушыға Бурабайдағы демалысқа төлеген алдын ала төлемі толық көлемде қайтарылды.

Келіншек ведомствоға Бурабайдағы демалыс базасымен туындаған дауды шешуге көмектесу туралы өтінішпен жүгінген. Ол 2026 жылғы 6-7 маусым күндеріне үш адамға арналған демалыс үйін брондаған.

Өтініш иесінің айтуынша, демалыс базасының менеджері тұру құнын 25 мың теңге деп белгілеп, 12,5 мың теңге көлемінде алдын ала төлем жасауды сұраған.

Kaspi арқылы төлем жасалып, фискалдық чек алынғаннан кейін жағдай өзгерген. Демалыс базасының өкілі есептеу кезінде қателік кеткенін айтып, қосымша тағы 10 мың теңге төлеуді талап еткен.

Алдын ала келісілген бағаның өзгертілуімен келіспеген клиент брондаудан бас тартып, төленген қаражатты қайтаруды сұраған. Алайда оған ақша қайтарудан бас тартылған.

Осыдан кейін әйел өз құқықтарын қорғау үшін Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді. Өтінішті қарау барысында дау тұтынушының пайдасына шешіліп, 12,5 мың теңге көлеміндегі алдын ала төлем толық қайтарылды.

Ведомствоның мәліметінше, мұндай жағдайлар тауарлар мен қызметтерді сатып алуға қатысты хат алмасуларды, чектерді және өзге де құжаттарды сақтаудың маңызын көрсетеді. Дәлелдердің болуы өз құқықтарын тиімді қорғауға және даулы мәселелердің әділ шешілуіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

 

Back to top button