Жаңалықтар

ҚОНАЕВТА АУЫЗ СУ ҚЫСЫМЫН АРТТЫРУ ҮШІН ЖАҢА СҮЗГІ СТАНЦИЯСЫ САЛЫНАДЫ

Қонаев қаласында ауыз су қысымын арттыру және сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді жобалар жүзеге асырылмақ. Бұл туралы қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мадияр Зәкеров мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы жылдары қала халқының көбеюіне және тұрғын үй құрылысының қарқын алуына байланысты бірқатар шағынауданда ауыз су қысымының төмендеуі байқалған. Осы мәселені шешу үшін бірнеше инфрақұрылымдық жобаны іске асыру көзделіп отыр.

«Қазіргі сүзгі станциясын жаңғырту жоспарда бар. Сонымен қатар жаңа сүзгі станциясын салуға және алты ұңғыма бұрғылауға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Биыл екі жаңа сорғы сатып алынып, орнатылып жатыр. Бұл шаралар ауыз су қысымын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді», – деді бөлім басшысы.

Сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту тек сүзгі станцияларымен шектелмейді. Қаладағы тозығы жеткен инженерлік желілерді кезең-кезеңімен ауыстыру да жоспарланған. Атап айтқанда, Восточный, 19, 20 және Спутник шағынаудандарында ауыз су және кәріз желілерін жаңғырту жобалары іске асырылады. Сондай-ақ 2025–2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Сейфуллин және Алматы көшелеріндегі, сондай-ақ 4-саяжайдағы инженерлік желілерді жаңарту көзделген.

«Бұдан бөлек, ШЖҚ «Қонаев Су Арнасы» МКК жыл сайынғы инвестициялық бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 5623 метр болатын су құбырларын жаңартып жатыр. Жұмыстар Энергетическая көшесінде, сондай-ақ Спутник және Ивушка шағынаудандарында жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған», – деді Мадияр Зәкеров.

Қалада жасыл аймақтарды суаруға арналған жеке техникалық сумен жабдықтау жүйесін құру мәселесі де қарастырылып жатыр. Жоба қолданыстағы суару инфрақұрылымын қайта жаңғыртуды, жаңа сорғы станциясын салуды және көгалдандыруға арналған техникалық су жүйесін іске қосуды қамтиды. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, одан кейін жоба мемлекеттік сараптамаға ұсынылады.

Жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру нәтижесінде тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жақсарып, қаланың сумен жабдықтау жүйесіне түсетін жүктеме азаяды. Сонымен қатар жасыл аймақтарды техникалық сумен суару арқылы ауыз суды үнемдеуге мүмкіндік туады.

Back to top button