Инсульт кенеттен, тіпті адам бір күн бұрын өзін жақсы сезінсе де, орын алуы мүмкін. Алайда денсаулыққа көңіл бөліп, созылмалы ауруларды бақылауда ұстап, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну арқылы оның қаупін азайтуға болады.
Инсульттің алдын алу шаралары туралы Қонаев қалалық көпбейінді ауруханасының невролог дәрігері Жолымбет Арман Нұрланұлы айтып берді.
Арман Нұрланұлының айтуынша, жас ұлғайған сайын инсульт қаупі арта түседі. Дегенмен бұл ауру жас адамдарда да кездесуі мүмкін. Қауіп қан тамырлары мен жүректің жағдайына, сондай-ақ созылмалы аурулардың болуына байланысты. Дәрігердің бақылауынша, инсультке әкелетін негізгі факторлардың бірі – артериялық қан қысымының жоғары болуы. Ол жылдар бойы айқын белгілерсіз өтуі мүмкін. Сондықтан адам өзін жақсы сезінсе де, қан қысымын үнемі өлшеп отыруы маңызды.
Невролог дәрігер инсульттің алдын алу үшін қандағы қант пен холестерин деңгейін де тұрақты бақылауға кеңес береді. Әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар бұған ерекше назар аударуы керек. Сонымен қатар темекі шегу, қимыл-қозғалыстың аздығы және тағамда тұзды шамадан тыс пайдалану жүрек-қан тамырлары асқынуларының қаупін арттырады.
Арман Нұрланұлының айтуынша, жүрек-қан тамырлары жүйесінің саулығын сақтау үшін жаяу жүруді әдетке айналдыру, дұрыс әрі құнарлы тамақтану және темекіден бас тарту маңызды. Дәрігер профилактика мәселесіне тоқтала отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ересектерге аптасына кемінде 150 минут орташа қарқынды дене белсенділігімен айналысуды ұсынатынын атап өтті. Ал гипертония және басқа да аурулар болған жағдайда дәрігердің тағайындауларын қатаң сақтап, тек өмір салтын өзгертумен шектелмеу қажет.
Әңгіме барысында дәрігер инсульт белгілерін қалай тануға болатынын да түсіндірді. Оның айтуынша, инсульт кезінде бірқатар белгілер кенеттен пайда болады. Олардың қатарында беттің қисайып кетуі, қолдың әлсіреуі немесе ұюы, сөйлеудің бұзылуы бар. Сондай-ақ көру қабілеті немесе тепе-теңдік сақтау күрт нашарлап, кейде әдеттен тыс қатты бас ауруы пайда болуы мүмкін.
Дәрігер осындай белгілер байқалған жағдайда дереу 103 немесе 112 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақыру қажеттігін ескертті. Белгілер өздігінен басылады деп күтуге болмайды. Тіпті бірнеше минуттан кейін адамның жағдайы жақсарса да, міндетті түрде медициналық тексеруден өтуі керек.
Жедел жәрдем шақырған кезде диспетчерге инсультке күдік бар екенін хабарлау қажет. Дәрігердің нұсқауынсыз науқасқа тамақ, су немесе дәрі беруге болмайды.
Әңгіме соңында Арман Нұрланұлы инсульттің алдын алу қарапайым әрекеттерден басталатынын еске салды. Атап айтқанда, қан қысымын тұрақты өлшеу, денсаулық көрсеткіштерін бақылау және дер кезінде дәрігерге қаралу маңызды. Бұл шаралар ұзақ уақыт бойы белгі бермей жүруі мүмкін денсаулық мәселелерін ерте анықтауға және ауыр асқынулардың қаупін азайтуға көмектеседі.
