Жетісу облысының тұрғыны Instagram арқылы сатып алған сапасыз күртеше үшін 50 мың теңгесін қайтарып алды. Тауар қолына тигеннен кейін келіншек оның мәлімделген сапаға сәйкес келмейтінін анықтап, ақшасын қайтаруды талап еткен.
Алайда сатушы талапты орындаудан бас тартып, Қытайдан жұмыс істейтінін алға тартып, Қазақстан заңнамасын сақтауға міндетті емес екенін мәлімдеген. Дауды бейбіт жолмен шешу мүмкін болмаған, кәсіпкер тіпті жолданған шағымды алудан да жалтарған.
Кейін келіншек Жетісу облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Мамандар оған сотқа талап-арыз дайындауға көмектесіп, құқықтық қолдау көрсеткен. Нәтижесінде соттағы медиация барысында сатушы толық соманы қайтаруға келіскен.
Сала өкілдері ескертеді: егер тауар Қазақстандағы тұтынушыға сатылса, сатушы қызметін қай жерде жүргізетініне қарамастан, ҚР заңнамасын сақтауға міндетті.
