Алматы облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған жалпы құны 148,8 млрд теңгені құрайтын 8 ірі жоба іске асырылуда. Бұл туралы өңірлік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және абаттандыру басқармасының басшысы Димаш Қожабеков мәлімдеді.
Өңірде қоқыс жағу зауыты, қоқыс сұрыптау кешені, тағам қалдықтарын қайта өңдеу кәсіпорны және биоэлектр станциясын салу жоспарланған. Жаңа жобалар шамамен 300 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта облыста пластик, шыны, макулатура және тозған шиналар қайта өңделуде. Жыл сайын қайта өңделетін қалдық көлемі 180 мың тоннадан асады.
Ірі жобалардың қатарында 48 млрд теңгеге Urban Core Beverly Hill Group кешенін кеңейту, Еңбекшіқазақ ауданында қоқыс өңдеу зауытын және Қарасай ауданында қалдықтарды сұрыптау кешенін салу бар. Заңсыз қоқыс үйінділерімен күрес аясында 9 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған.
