Қазақстанда дәрілік заттардың тағы 500-ге жуық түрін өндіруді ретке келтіріп, 1,2 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне арналған Үкімет отырысында мәлімдеді.
Үкімет басшысы отандық фармацевтикалық кәсіпорындардың дамуын жеделдетіп, дәрілерді қаптаудан өндірістің толық цикліне көшу және импортқа тәуелділікті азайту жөнінде тапсырма берді.
Денсаулық сақтау министрлігіне тегін дәрілік препараттардың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету, бағаға бақылауды күшейту және жеңілдікпен қамтамасыз етуге арналған дәрілердің заңсыз сатылуына жол бермеу тапсырылды.
Жыл соңына дейін дәрілік заттарды сақтау мен тасымалдауды цифрлық бақылау жүйесін іске қосу, сондай-ақ олардың қозғалысын пациенттерге жеткізілгенге дейін қадағалау жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, 112 жаңа препаратты тіркеу рәсімін жеделдету және медициналық бұйымдарды сатып алудың жаңа моделін енгізу көзделген. Қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтар қаңтарға дейін ауруханаларға, емханаларға және дәріханаларға жеткізілуі тиіс.
