Жаңалықтар

САЯХАТТЫ ЖАҒЫМСЫЗ ЖАҒДАЙҒА АЙНАЛДЫРМАЙ: ІШЕК ИНФЕКЦИЯСЫНАН САҚТАНУ

Жазғы маусым аяқталуға жақын, алайда қазақстандықтардың көпшілігі үшін демалыс уақыты енді басталады. Жазда демалып үлгермеген немесе күзде саяхаттауды жоспарлаған азаматтар жылы климаты бар елдерді жиі таңдайды. Жаңа әсерлермен қатар туристер үйреншікті емес тағамдарға, судың өзгеше сапасына және санитариялық жағдайларға тап болуы мүмкін. Мұндай сапарлар кезінде жиі кездесетін мәселелердің бірі – саяхатшылар диареясы.

Осы жағдайдың себептері, оның алдын алу шаралары және алғашқы белгілері байқалған кездегі әрекеттер туралы Қонаев қалалық көпбейінді ауруханасының дәрігер-эпидемиологы Ерлан Жарылқапұлы Саржанов айтып берді.

«Саяхатшылар диареясы — бактериялар, вирустар немесе паразиттер тудыруы мүмкін жіті ішек ауруы. Инфекция көбіне ластанған су, мұз, дұрыс жуылмаған көкөністер мен жемістер, көшедегі тағам немесе санитариялық талаптар бұзылып дайындалған өнімдер арқылы жұғады», — деп түсіндірді дәрігер.

Ауру көбіне кенеттен басталады. Адамның іші өтеді, іші ауырады немесе жайсыздық сезіледі, жүрегі айнып, әлсіздік пайда болады. Кейде бұл белгілерге құсу, дене қызуының көтерілуі және қалтырау қосылады. Негізгі қауіп — ағзаның сұйықтық пен тұздарды жоғалтуы. Әсіресе балаларда, қарт адамдарда және созылмалы аурулары бар науқастарда сусыздану жылдам дамуы мүмкін.

«Егер нәжісте қан байқалса, дене қызуы көтерілсе, іш қатты ауырса немесе бірнеше рет құсу байқалса, медициналық көмекке жүгіну қажет. Сондай-ақ қатты әлсіздік, ауыздың құрғауы, зәр шығарудың сиреуі және бас айналуы да алаңдатуы тиіс. Жағдай нашарласа немесе диарея бірнеше күн бойы тоқтамаса, дәрігерге қаралуды кейінге қалдыруға болмайды», — дейді маман.

Жеңіл жағдайлардың көпшілігінде адамның жағдайы біртіндеп жақсарады. Дегенмен ағзаның жоғалтқан сұйықтығын үнемі толықтырып отыру маңызды. Ол үшін қауіпсіз суды аз мөлшерден жиі ішіп, нұсқаулыққа қатаң сәйкес дайындалған регидратациялық арнайы ерітінділерді қолданған жөн. Тамақтанудан толық бас тартудың қажеті жоқ, алайда ауырған кезде майлы және ащы тағамдардан, алкоголь мен газдалған сусындардан бас тартқан дұрыс. Антибиотиктерді өз бетінше қабылдау ұсынылмайды, өйткені оларды қолдану қажеттілігін тек дәрігер анықтайды.

Саяхат кезінде ішек инфекциясын жұқтыру қаупін қарапайым сақтық шаралары арқылы азайтуға болады.

Ішу үшін зақымдалмаған зауыттық қаптамадағы бөтелкедегі суды таңдаған жөн. Кран суының сапасына күмән болса, оны тіпті тіс тазалауға да пайдаланбаған дұрыс. Мұздан да бас тартқан жөн, себебі оның қандай судан дайындалғаны белгісіз болуы мүмкін. Тағам таңдағанда толық термиялық өңдеуден өткен және ыстық күйінде ұсынылатын тағамдарға басымдық берген жөн. Көшедегі тағамдарға, салаттарға, шикі теңіз өнімдеріне, пастерленбеген өнімдерге және алдын ала туралған жемістерге абай болған дұрыс. Жемістерді өзіңіз жуып, қабығын аршып жеген қауіпсіздеу.

Жеке бас гигиенасы да аса маңызды. Тамақ ішер алдында және қоғамдық орындарға барғаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу қажет. Мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда антисептик қолдануға болады.

«Созылмалы аурулары бар адамдарға, сондай-ақ балаларымен бірге саяхаттайтын ата-аналарға алдын ала дәрігермен кеңескен жөн. Маман жеке қауіп факторларын бағалап, жолға қажетті дәрі қобдишасын дұрыс жинақтауға көмектеседі», — деп кеңес берді Ерлан Жарылқапұлы.

Жылы теңіз бен шуақты ауа райы күзде де жазды жалғастыруға мүмкіндік береді. Алайда демалыс денсаулыққа сынақ болмауы тиіс. Су мен тағамға мұқият қарау, сондай-ақ жеке гигиена талаптарын сақтау ішек инфекцияларының қаупін азайтып, саяхатты жақсы өткізуге көмектеседі.

 

Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасы» ШЖҚ МКК тапсырысы бойынша

Back to top button