Жаңалықтар

УӘДЕ КӨП, НӘТИЖЕ КЕШ: ДАУЛЫ АС ҮЙ ТАПСЫРЫСЫ ҚАЛАЙ АЯҚТАЛДЫ

Жетісу облысының тұрғыны ас үй жиһазына тапсырыс бергеннен кейін 550 мың теңгесінен де, күткен гарнитурынан да айырылып қала жаздады. Төлем толық жасалғанымен, жиһаз өндіруші жұмысты созбалаңға салып, қоңырауларға жауап беруді тоқтатқан. Ол тек «жақында бәрі дайын болады» деген уәдемен шектелген. Нәтижесінде тапсырыс үш айдан астам уақыт бойы аяқсыз қалған.

Мәселені өз бетінше шеше алмаған әйел Жетісу облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Мамандар оған міндеттемелерді орындауды талап еткен сотқа дейінгі шағымды дайындауға көмектесті.

Ресми өтініштен кейін жағдай тез өзгерген: бір апта ішінде орындаушы ас үй гарнитурын толық орнатып, ұзақ күткеніне байланысты тапсырыс берушіге жеңілдік те ұсынған.

Сала өкілдері тауар мен қызметке тапсырыс беру кезінде келісімшарттарды, түбіртектер мен хат алмасуды сақтаудың маңызын еске салады. Ал мерзім бұзылған жағдайда құқықты қорғау үшін дер кезінде тиісті органдарға жүгінуге кеңес береді.

Back to top button