Түркістан облысында ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялауға бөлінген 1,1 млрд теңгені жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, мемлекеттік қолдау алу үшін құжаттарда көрсетілген 81 жаңбырлатып суару қондырғысының 37-сі іс жүзінде жеткізілмеген және орнатылмаған.
Түркістан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі департаментінің мәліметінше, субсидия алуға өтінімдер «Агрохолдинг Туркестан» және «JMJ-Агро» ЖШС арқылы рәсімделген. Лизинг беруші ретінде «АгроПромЛизинг» микроқаржы ұйымы қатысқан. Бюджет қаражаты осы ұйымның арнайы шотына аударылған.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті жабдықтарды жеткізуге, лизингке беруге және субсидия алуға қатысқан ұйымдардың қызметін бақылаған. 37 қондырғының болмағанына қарамастан, міндеттемелердің орындалғаны туралы жалған мәліметтер көрсетілген қабылдау-тапсыру актілері рәсімделген. Кейін қаражат күдіктіге бақылауындағы компаниялардың шоттарына аударылған. Күдікті қамауға алынды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
