Жаңалықтар

ПРОКУРАТУРА «КҮМІС ЖАС» ЖОБАСЫ БОЙЫНША СУБСИДИЯ ТӨЛЕУ КЕЗІНДЕГІ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫ АНЫҚТАДЫ

Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында 50 жастан асқан азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарлама аясында бөлінген бюджет қаражатын жұмсау кезінде заңбұзушылықтар анықталды.

Тексеру нәтижесінде жұмыс берушілердің бірі «Күміс жас» жобасына қатысушылардың жұмыспен қамтылуы туралы жалған мәліметтер ұсынғаны белгілі болды. Жұмыс уақытын есепке алу табельдерінде қызметкерлерге толық жұмыс күні мен сағаты көрсетілгенімен, олардың кейбірі іс жүзінде жұмыс орнында болмаған. Жекелеген жағдайларда қызметкерлердің жұмысқа келмеуіне аудан аумағынан тыс жерге шығуы себеп болған.

Соған қарамастан, жұмыс беруші ұсынылған табельдер негізінде мемлекеттік субсидия алуды жалғастырған. Айта кетейік, жоба аясында мемлекет 50 жастан асқан жұмысқа орналасқан азаматтардың жалақысының 60-тан 70 пайызға дейінгі бөлігін өтейді. Төлем мөлшері азаматтың бағдарламаға қатысу мерзіміне байланысты белгіленеді.

Негізсіз аударылған субсидиялардың жалпы сомасы шамамен 4,6 млн теңгені құрады.
Прокуратураның араласуынан кейін төлемдер қайта есептеліп, қаражаттың толық көлемі мемлекет кірісіне қайтарылды.

Back to top button