Жаңалықтар

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖЕРЛЕРІ ЕНДІ БҰРЫНҒЫ ТӘРТІППЕН БӨЛІНБЕЙДІ

 

2026 жылдың басынан бері Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге 1 мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексерулер 1 млн гектардан астам аумақты қамтыды. Бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша мемлекет меншігіне 1,3 млн гектар жер қайтарылды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша қайта бөлінген жерлердің жалпы көлемі 13,5 млн гектарға жетті. Оның 5,5 млн гектары мал жаю үшін жергілікті халыққа берілсе, тағы 8 млн гектар жер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге конкурс негізінде ұсынылды.

Ведомство жер пайдаланушылардың адалдығын бағалаудың жаңа қағидалары әзірленіп жатқанын да хабарлады. Жаңа тәртіпте бағалаудың бірыңғай өлшемшарттары белгіленіп, ведомствоаралық өзара іс-қимыл реттеледі және жер учаскелеріне құқықтарды ұзарту рәсімі жеңілдетіледі.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ауыл шаруашылығы жерлерін цифрлық платформа арқылы бөлу жоспарланып отыр. Конкурстар электрондық форматта өткізіліп, қолданыстағы жер комиссияларының тетігі жойылады. Жүйе іске қосылғанға дейін Ақмола облысы мен Жетісу облысында пилоттық режимде сынақтан өткізіледі.

Back to top button