Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 50 МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ЖАҢА ТӘРТІП БОЙЫНША ТЕКСЕРІЛЕДІ

 

Қазақстанда болашақ медицина мамандарын даярлау сапасын бағалау тәсілі өзгеріп жатыр. 2027 жылы 50 медициналық колледж мемлекеттік аттестаттаудан өтуі тиіс. Тексеру жұмыстары тікелей оқу орындарында жүргізіледі.

Аттестаттаудың жаңа тәртібін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылы бекітті. Жаңа қағидаларға сәйкес, комиссиялар оқу орындарына барып, білім беру жағдайларының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкестігін бағалайды.

Тексеру бағдарламасы 10 бағытты қамтиды. Комиссия мүшелері колледждердің материалдық-техникалық жабдықталуын, оқу инфрақұрылымының жай-күйін, симуляциялық орталықтардың жұмысын және кадрлармен қамтамасыз етілуін зерделейді. Сондай-ақ студенттердің практикалық даярлығын ұйымдастыруға ерекше назар аударылады.

Жаңа тәртіп бойынша алғашқы нәтижелер биыл белгілі болады. 2026 жылы аттестаттаумен төрт медициналық колледж қамтылған. Оның екеуінде тексеру жұмыстары аяқталды.

Қазіргі уақытта елімізде 100 медициналық колледж бар. Оның 22-сі мемлекеттік меншік нысанындағы оқу орындары. Орта медициналық білім беру жүйесінде мамандар даярлау стандарттарын қалыптастыру міндеті осы мемлекеттік колледждерге жүктелген.

Сонымен қатар саланы одан әрі жаңғыртудың негізгі бағыттары айқындалды. Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларын тар бейінді мамандандыруды ескере отырып қайта қарау, материалдық-техникалық базаны жаңарту, дуальды оқытуды кеңейту, сондай-ақ тағылымдамадан өту мен мемлекеттік грант бойынша міндетті жұмысты өтеуді ұйымдастыру тәсілдерін өзгерту жоспарланып отыр.

 

Back to top button