Жаңалықтар

САНАҚ ҚАЗАҚСТАННЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРГЕНІН КӨРСЕТТІ

Қазақстанда 2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының қорытындысы шығарылды. 2006–2007 жылдардағы санақпен салыстырғанда, ауыл шаруашылығы субъектілерінің саны 204 мыңнан 290 мыңға дейін өскен.

Санақ 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (БҰҰ ФАО) қолдауымен өткізілді. Оған 290 мыңға жуық ауыл шаруашылығы құрылымы мен 1,7 млн жеке қосалқы шаруашылық қатысты. Жалпы қамту деңгейі 97%-ды құрады.

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының саны 9,5 мыңнан 21 мыңға дейін, ал шаруа және фермер қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің саны 194 мыңнан 269 мыңға дейін артты.

Егіс алқаптарының көлемі 18,3 млн гектардан 23,2 млн гектарға дейін ұлғайды. Бұл ретте дәнді дақылдардың үлесі 81%-дан 69%-ға дейін төмендесе, майлы дақылдардың үлесі 4%-дан 17%-ға дейін өсті.

Мал басының шаруашылық түрлері бойынша үлестірімінде де өзгерістер бар. 2006–2007 жылдары ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үлесіне жалпы мал басының (шартты мал басы есебімен) 20%-ы тиесілі болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 68%-ға жетті. Ал жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесі 32%-ды құрады.

Ұйымдасқан секторда шамамен 707 мың адам еңбек етеді. Сонымен қатар тіркелген өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының 57%-ы 10 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді.

Санақ қорытындылары Ұлттық статистика бюросының stat.gov.kz сайтында жарияланды. Онда өңірлер, шаруашылық түрлері, егіс алқаптары, мал басы және техника түрлері бойынша жіктелген деректер қамтылған интерактивті бақылау тақталары (дашбордтар), электрондық кестелер мен статистикалық жинақтар қолжетімді.

Back to top button