Қазақстанда өзен, көл және су қоймаларына жақын орналасқан жерлерді пайдалану тәртібі өзгереді. Жаңа су кодексінде су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу көзделген. Ал елді мекендерден тыс аумақтарда олардың шекарасын айқындаудың арнайы тәртібі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі.
Су қорғау аумақтары су нысандарын ластанудан, қоқыстанудан және сарқылудан қорғауға арналған. Ал су қорғау белдеуінде талаптар қатаңдау болады. Атап айтқанда, заңнамада көзделген нысандарды қоспағанда, бұл аумақта ғимараттар мен құрылыстар салуға көп жағдайда тыйым салынады.
Жергілікті атқарушы органдар жаңа су кодексі күшіне енген күннен бастап екі жыл ішінде, яғни 2027 жылғы 10 маусымға дейін елді мекендер аумағындағы су нысандарының су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекарасын белгілеуі тиіс.
Сонымен қатар, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Кодекстің тиісті шекаралары әлі белгіленбеген елді мекендерден тыс аумақтарға қатысты талаптарды айқындайтын 87-бабы қолданысқа енгізіледі. Белгіленген нормаларға сәйкес, мұндай жағдайда су қорғау аймағының сыртқы шекарасы өзендер мен арналық су қоймалары үшін 500 метр, толтырылатын су қоймалары мен аумағы 2 шаршы шақырымға дейінгі көлдер үшін 300 метр, ал аумағы 2 шаршы шақырымнан асатын су айдындары үшін 500 метр қашықтықта белгіленеді.
Су қорғау белдеуінің ені Кодексте көзделген арнайы талаптарды ескере отырып, су деңгейінен 35 метр қашықтықта айқындалады.
Жаңа талаптарды жер учаскелерінің иелері, құрылыс салушылар және су нысандарының маңынан жер сатып алуды жоспарлап жүрген азаматтар ескеруі қажет. Құрылыс немесе жерге қатысты жұмыстарды бастамас бұрын су қорғау аймағы мен белдеуінің шекарасы белгіленгенін және нақты аумақта қандай режим қолданылатынын тексеру маңызды.
