Астанада алғаш рет жүргізуші куәлігін алатын азаматтар жол қозғалысы ережелері бойынша теориялық емтиханды қашықтан тапсыра алады. Ішкі істер министрлігі арнайы ХҚКО-ға бармай-ақ, интернет арқылы тестілеуден өтуге мүмкіндік беретін пилоттық жобаны іске қосты.
Алғашқы кезеңде бұл қызмет елордада тұрақты тіркеуі бар азаматтарға қолжетімді. Оған қатысу үшін автомектепті аяқтап, қолданыстағы оқу курсын бітіргені туралы куәлік пен медициналық анықтама болуы қажет.
Өтінім eGov Mobile қосымшасындағы «ХҚКО қызметтері» – «Теорияны онлайн тапсыру» бөлімі арқылы беріледі. Мәліметтер тексеріліп, төлем жасалғаннан кейін жеке кабинетте емтиханға арналған сілтеме пайда болады. Ол 30 күн бойы қолжетімді болады.
Тест 40 сұрақтан тұрады. Оны орындауға 40 минут беріледі. Емтиханнан сәтті өту үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап беру қажет. Тестілеуді күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін тапсыруға болады.
Емтихан барысын автоматтандырылған прокторинг жүйесі бақылайды. Ол үміткердің жеке басын тексеріп, бейне мен дыбысты жазады, экрандағы әрекеттерді тіркейді және ереже бұзылған жағдайларды анықтайды.
Емтихан тапсыру үшін веб-камерасы мен микрофоны бар компьютер немесе ноутбук, екінші камера ретінде пайдаланылатын смартфон және тұрақты интернет қажет.
Теориялық емтиханды сәтті тапсырған үміткер практикалық емтиханға жазыла алады. Сонымен қатар арнайы ХҚКО-ларда теориялық емтиханды дәстүрлі форматта тапсыру тәртібі сақталады.
