Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТУРИСТЕРГЕ АЛДАУШЫ ТУРАГЕНТТІКТЕРДІҢ ҚҰРБАНЫ БОЛМАУ ЖОЛДАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі азаматтарға туристік сапарларды қауіпсіз рәсімдеу ережелерін еске салды. Сала мәліметінше, демалыстың сенімді өтуі тур сатып алу кезінде құжаттардың дұрыс рәсімделуіне тікелей байланысты.

Сапар ақысын төлемес бұрын туристерге турагенттіктің ресми түрде жұмыс істейтініне көз жеткізу ұсынылады. Ол үшін қызметтің басталғаны туралы хабарламаның бар-жоғын және компанияның мемлекеттік электронды тізілімде тіркелгенін тексеру қажет.

Тур рәсімдеудегі негізгі кезеңдердің бірі – туристік қызмет көрсету туралы келісімшартқа қол қою. Құжатта міндетті түрде сапар бағыты, саяхат күндері, тур құны, төлем және броньды тоқтату шарттары, тараптардың жауапкершілігі мен қаражатты қайтару тәртібі көрсетілуі тиіс.

Төлем жасағаннан кейін міндетті түрде фискалдық чек талап ету керек. Себебі қаражатты менеджерлердің жеке банк шоттарына аудару туристі құқықтық қорғаныстан айыруы мүмкін. Сондықтан қызмет ақысын тек ресми тәсілмен төлеу ұсынылады.

Бронь расталып, тур толық төленгеннен кейін турагенттік туристке сапарға қажетті барлық құжаттарды ұсынуға міндетті. Олардың қатарында қонақүй мен трансфер туралы мәлімет көрсетілген ваучер, әуе билеттері немесе маршруттық түбіртектер, сақтандыру полисі және шетел туризмі кезінде азаматтардың құқықтарын кепілдендіру жүйесіндегі қорғанысты растайтын туркод болуы қажет.

Демалыс барысында төтенше жағдайлар туындаса, азаматтарға бірден «Туристік Қамқор» жүйесінің жедел желісіне хабарласу ұсынылады: +7 700 112 2 112.

Back to top button