Жаңалықтар

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ АГРАРЛЫҚ САЛАНЫҢ КӨШБАСШЫЛАРЫНЫҢ БІРІНЕ АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдің ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларымен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, мемлекеттік қолдау шаралары және саланы одан әрі өркендетудің негізгі бағыттарын талқылады.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлының айтуынша, Алматы облысы ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі бойынша республикада екінші орында тұр. Өңірдің үлесіне Қазақстанда өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің 12,2 пайызы тиесілі.

Есепті кезеңде тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары 284,8 млрд теңгенің өнімін өндірді. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында азық-түлік экспорты 41,4 пайызға артты. Салаға тартылған инвестиция көлемі екі есеге өсті.

Ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда. 2022 жылдан бері пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген 1,27 млн гектар жер анықталып, оның 563 мың гектардан астамы мемлекетке қайтарылды.

Өңірде заманауи технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінуде. Су үнемдеу технологиялары 92 мың гектардан астам алқапта енгізілген. Соның нәтижесінде жыл сайын 90 млн текше метрге дейін су үнемделіп, қосымша шамамен 265 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі. Биыл облыстың егіс алқабы 438 мың гектарға дейін ұлғайды.

Мал шаруашылығы да тұрақты өсім көрсетуде. Алматы облысы құс пен ұсақ мал саны бойынша еліміздің көшбасшы өңірлерінің қатарында. Сондай-ақ Қазақстанда өндірілетін құс етінің төрттен бірінен астамы осы өңірде өндіріледі. Бір жыл ішінде ауыл шаруашылығы жануарларының саны шамамен 5 пайызға өсті.

Ветеринариялық қызметті дамыту мақсатында 2026–2027 жылдары 94 ветеринариялық пункт пен 52 мал қорымы салу жоспарланған. Бұл 2028 жылға қарай облысты қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Аграрлық секторды қолдау үшін облыстық бюджеттен 39,2 млрд теңге қарастырылған. Оның 30 млрд теңгеге жуығы субсидиялар мен өзге де мемлекеттік қолдау шаралары ретінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бағытталды.

Балық шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Соңғы бес жылда өңірлік «Балық шаруашылығы мектебінде» 300-ден астам адам білім алып, олардың көпшілігі жеке кәсібін ашқан. Соның нәтижесінде балық өндірісі 29 пайызға, ал экспорты 27 пайызға артты. Өнім Еуропа елдеріне экспортталады. Биыл салада жалпы құны 3,6 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

Кездесуді қорытындылай келе, Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға, қайта өңдеуді дамытуға, су үнемдеу технологияларын енгізуге және мал шаруашылығын асылдандыру жұмыстарын жетілдіруге ерекше назар аудара отырып, мемлекет агро шаруашылықтағыларды қолдауды жалғастыратынын атап өтті.

Back to top button