Жаңалықтар

ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ АЛАЯҚТЫҚТАН САҚТАНУ ЕСКЕРТІЛДІ

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жасөспірімдерді әлеуметтік желілерде жеке қауіпсіздікке барынша мұқият қарауға шақырады. Интернет қарым-қатынас жасауға, білім алуға және ақпарат алмасуға мол мүмкіндік бергенімен, шектен тыс ашықтық алаяқтар мен қаскөйлердің құрбанына айналдыруы мүмкін.

Тәуекелдерді азайту үшін цифрлық қауіпсіздіктің қарапайым қағидаларын сақтау маңызды.

Ең алдымен, тұрғылықты мекенжай, телефон нөмірі, оқитын оқу орны, күнделікті жүретін бағыты сияқты бөгде адамдардың орналасқан жеріңізді анықтауына мүмкіндік беретін жеке мәліметтерді ашық жарияламаған жөн.

Фото мен бейнематериалдарды жариялау кезінде де ерекше сақтық қажет. Егер онда геолокация көрсетілсе, мұндай материалдарды сол жерден кеткеннен кейін ғана жариялаған дұрыс.

Интернеттегі таныстар тізіміне де жауапкершілікпен қарау қажет. Достыққа шақыруларды тек жеке танитын адамдардан ғана қабылдап, аккаунтыңызды мүмкіндігінше жабық режимге қойып, жарияланымдарыңызды бөгде адамдардың көруіне шектеу қойған дұрыс.

Сондай-ақ бейтаныс адамдарға фотосуреттерді, құжаттарды, банк картасының деректерін, құпиясөздерді және өзіңізге қарсы пайдаланылуы мүмкін өзге де ақпаратты жіберуге болмайды.

Егер желідегі әңгімелесуші жеке өміріңізге, жүрген жеріңізге шамадан тыс қызығушылық танытып, қорқытуға немесе қысым көрсетуге тырысса, онымен хат алмасуды дереу тоқтатып, аккаунтын бұғаттап, бұл туралы ата-анаңызға, жақындарыңызға немесе өзіңіз сенетін ересек адамға хабарлаңыз.

ІІМ мәліметінше, цифрлық қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтау жеке деректерді қорғауға, интернет-алаяқтықтан сақтануға және ықтимал қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді. Желідегі қауіпсіздік әрдайым танымалдық, қаралым саны немесе жазылушылардан маңызды екенін ұмытпаңыз.

Back to top button