Алматы облысында қалдықтарды заңсыз төгу орындарына бақылау күшейтілді. Жұмыс «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында экология департаменті мен жергілікті әкімдіктердің қатысуымен жүргізілуде.
Ластанған аумақтарды анықтау үшін спутниктік суреттер пайдаланылады. Мұндай мониторинг үлкен аумақтарды қамтып, заңсыз қоқыс үйінділері пайда болған учаскелерді жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері өңірде ғарыштық мониторинг арқылы осындай 86 нысан анықталды. Оның 79-ы тазартылды. Осылайша, анықталған заңсыз қоқыс орындарының шамамен 92%-ы жойылды. Қалған аумақтар бойынша жұмыстар жалғасуда.
Тексеру жұмыстары жергілікті жерлерде де жүргізіледі. Экологтар мен аудан әкімдіктерінің өкілдері бірлесіп жүргізген рейдтер барысында қоқысты заңсыз орналастырудың тағы 20 ошағы анықталды. Барлық анықталған фактілерге тиісті шаралар қабылдап, аумақтарды тазалауды ұйымдастыру үшін жергілікті атқарушы органдарға жолданды.
Жұмыстың негізгі мақсаты — жиналған қоқысты тазалау ғана емес, стихиялық қоқыс орындарының қайта пайда болуына жол бермеу.
