Жетісу облысының Панфилов ауданындағы Әулиеағаш, Ақжазық, Аққұдық және Шолақай ауылдары табиғи газға қосылды. Осылайша, шамамен 9 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді. Қазір ауданда Жаркент қаласын қоса алғанда, 16 елді мекен газдандырылған.
Қазіргі уақытта тағы екі ауылда газ желілерінің құрылысы аяқталған, сегіз елді мекенде құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. 2026 жылдың соңына дейін аудандағы 26 елді мекенді толық газдандыру жоспарланған. Нәтижесінде 119,9 мың адам табиғи газбен қамтылып, газ желілерінің жалпы ұзындығы 682 шақырымға жетеді.
Сондай-ақ Тұрпан, Садыр, Диқанқайрат, Сарыбел, Басқұншы және Көктал-Арасан ауылдарын газдандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бұл елді мекендерде құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланып отыр.
Жетісу облысы құрылғаннан бері газдандырылған елді мекендер саны 5-тен 115-ке дейін өсті. Бүгінде өңірдің 468,5 мың тұрғыны табиғи газға қол жеткізді.
Келесі кезеңде Сарқан, Ақсу және Алакөл аудандарын газдандыру көзделген. «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысы аяқталғаннан кейін 133,9 мың адам тұратын 84 елді мекенде газ желілерін тарту бойынша келісімшарттар жасалды.
Жалпы, 2026 жылдың соңына дейін облыстағы 126 елді мекенді табиғи газға қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде өңір халқының 74 пайызы немесе 518 мың адам көгілдір отынмен қамтылады.
