Степногорск қаласының прокуратурасы қаланы күтіп-ұстауға арналған шығыстарды жоспарлау кезінде заңбұзушылықтарды анықтады. Соның салдарынан бюджет қаражатының 714 млн теңгесі тиімсіз жұмсалуы мүмкін болған.
Тексеру барысында жұмыс құны сметасының негізсіз көтерілгені, жоспарға артық әрі экономикалық тұрғыдан негізделмеген жұмыс көлемдері енгізілгені, сондай-ақ тиісті кезеңде қажет болмаған жұмыстарға қаражат қарастырылғаны анықталды. Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу құжаттамасында заңнама талаптарына қайшы келетін және бәсекелестікті шектейтін шарттар болған.
Прокурорлық қадағалау нәтижесінде жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын 21 мемлекеттік сатып алу рәсімі тоқтатылды. Сметалық құжаттама қайта қаралғаннан кейін жоспардан негізсіз шығыстар алынып тасталды. Нәтижесінде бюджет қаражатының 714 млн теңгесін тиімсіз жұмсаудың алдын алынды.
Заңбұзушылықтарға жол бергені үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
