Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДА АЛИМЕНТ АУДАРУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРЕДІ

2026 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстанда алимент аударудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Өзгерістер 2026 жылғы 24 маусымдағы №325-VIII ҚР Заңымен енгізіліп, балалар мен еңбекке қабілетсіз азаматтарды асырауға арналған қаражатты қосымша қорғауға бағытталған.

Енді атқарушылық іс жүргізу шеңберінде өндірілетін алимент тек арнайы банктік шотқа аударылады. Ол үшін алимент алушы алдын ала арнайы шот ашып, оның деректемелерін сот орындаушысына ұсынуы қажет.

Жаңа тетіктің басты артықшылығы — арнайы алименттік шоттағы қаражат алушының өзге міндеттемелері бойынша бұғаттауға немесе тыйым салуға жатпайды. Бұл қаржының тек өз мақсатына, яғни балалар мен еңбекке қабілетсіз азаматтарды асырауға жұмсалуына кепілдік береді.

Егер арнайы шот әлі ашылмаған болса, борышкер алимент төлеу міндетінен босатылмайды. Алайда өндірілген қаражатты сот орындаушысы алимент алушы арнайы шоттың деректемелерін ұсынғаннан кейін ғана аудара алады. Оған дейін алимент бойынша берешек есепке алынып, сақталады.

Әділет министрлігінің мәліметінше, жаңа өзгерістер алимент алушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыруға және балалар мен еңбекке қабілетсіз азаматтарға арналған қаражаттың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Back to top button