Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі құмар ойын бизнесі саласындағы басшылардың, мамандардың және қызметкерлердің лауазымдарына арналған үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекітті.
Бір қарағанда бұл құжат казинолар мен ойын автоматтары залдары қызметкерлерінің лауазымдық міндеттерін айқындайтын техникалық құжат сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның маңызы әлдеқайда ауқымды.
Елімізде алғаш рет мемлекеттік деңгейде құмар ойын индустриясындағы негізгі мамандықтарға қойылатын біліктілік талаптары жүйеленді. Құжатта казино менеджері, слот-менеджер, бейнебақылау менеджері, пит-босс, дилер-инспектор, супервайзер, дилер (крупье), бейнебақылау операторы, маниранер және слот-оператордың лауазымдық міндеттері, білім деңгейі мен біліктілік талаптары белгіленген.
Бұл мемлекет құмар ойын бизнесін бірыңғай кәсіби стандарттар мен персоналға қойылатын нақты талаптарды қажет ететін экономиканың толыққанды саласы ретінде қарастыратынын көрсетеді.
Үлгілік біліктілік сипаттамаларының бекітілуі сала қызметкерлерінің кәсіби мәртебесін арттырады. Әрбір лауазым бойынша міндеттер, білім мен даярлық деңгейіне қойылатын талаптар ресми түрде айқындалды. Бұл кадрларды іріктеу сапасын жақсартып, қызметкерлерді оқыту мен кәсіби құзыреттерін дамытуға негіз болады.
Құжаттың қоғамдық маңызы да зор. Көптеген жылдар бойы казино мен ойын автоматтары залдарындағы мамандықтарға қоғамда әртүрлі көзқарас қалыптасып келді. Алайда заңды негізде жұмыс істейтін құмар ойын мекемелерінің қызметі мемлекет тарапынан қатаң реттеліп, заңнама талаптарына толық бағынады.
Ресми біліктілік сипаттамаларының енгізілуі бұл мамандықтардың маңызын мемлекеттік деңгейде мойындағанын көрсетеді. Сондай-ақ заңды құмар ойын бизнесі қызметкерлеріне реттелетін салада еңбек ететін білікті мамандар ретінде объективті көзқарастың қалыптасуына ықпал етеді.
Бұл шешім саладағы соңғы өзгерістер аясында ерекше өзектілікке ие. Мемлекет құмар ойын бизнесінің географиясын кеңейтіп, жаңа ойын аймақтарын құру мәселесін қарастыруда. Сонымен қатар заңды құмар ойын индустриясын дамыту елдің туристік әлеуетімен барған сайын тығыз байланыстырылып отыр.
Мұндай жағдайда саланың тұрақты дамуы білікті кадрларсыз мүмкін емес. Сондықтан үлгілік біліктілік сипаттамаларының бекітілуін заңды құмар ойын бизнесін дамытуға, қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыруға және мемлекет, бизнес пен қоғам тарапынан салаға деген сенімді нығайтуға бағытталған кезекті маңызды қадам деп бағалауға болады.
