Салықтық бақылау жүргізілген кезде кәсіпкерлерде мемлекеттік кірістер органдары лауазымды тұлғаларының өкілеттік шегіне қатысты сұрақтар жиі туындайды.
Инспектор келушілерден құжат талап ете ала ма? Жеке ұялы телефонмен фото және бейнетүсірілім жасауға рұқсат па? Ол ұйым қызметкерлеріне тапсырма беруге немесе кәсіпорынның күнделікті жұмысына араласуға құқылы ма?
Осы сауалдарға жауап алу үшін INFO MONITORING редакциясының тілшісі Ұлттық казино операторлары қауымдастығының заңгері Артём Тимошенкомен сұхбаттасты.
– Артём, мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері ұйымға келушілерден құжат талап ете ала ма?
– Көп жағдайда — жоқ. Ұйымға келуші өздігінен салықтық бақылау объектісі болып саналмайды. Сондықтан салықтық тексеру жүргізілуі лауазымды тұлғаға нысан аумағында жүрген кез келген адамнан құжат талап ету құқығын бермейді.
Егер келушінің жеке басын анықтау қажет болса, мұндай өкілеттіктің нақты салықтық бақылау түрі аясында заңда көзделген-көзделмегеніне назар аудару керек. Талаптың заңдылығы дәл осы норманың болуына байланысты.
– Кейде инспекторлар үй-жайларды, жабдықтарды немесе жұмыс орындарын жеке ұялы телефонмен суретке немесе бейнежазбаға түсіреді. Бұл заң талаптарына сәйкес келе ме?
– Кез келген фото немесе бейнетіркеу жүргізіліп жатқан бақылау шарасының мақсатымен тікелей байланысты болуы тиіс. Егер түсірілім тексеру үшін маңызды мән-жайларды растау мақсатында жүргізілсе, бұл — заңды жағдай.
Ал жеке мобильді құрылғыларды салықтық бақылауға нақты байланыссыз пайдалану, әсіресе түсірілген материалдар белгіленген тәртіппен рәсімделмесе және тексеру барысында дәлел ретінде қолданылмаса, мұндай әрекеттердің құқықтық негізіне қатысты сұрақ туындатады.
– Инспектор ұйым қызметкерлеріне тікелей жүгініп, оларға тапсырма бере ала ма?
– Салықтық бақылау барысында лауазымды тұлға заңда белгіленген өкілеттігі шегінде салық төлеушімен немесе оның уәкілетті өкілдерімен өзара әрекет етеді.
Сонымен қатар еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі және жұмыс беруші мен қызметкер арасында қалыптасады. Қызметкерге еңбек міндеттеріне қатысты міндетті тапсырмаларды тек жұмыс беруші немесе оның уәкілетті тұлғасы бере алады.
Сондықтан инспектор салықтық бақылауға қатысы жоқ тапсырмаларды қатардағы қызметкерлерге бере бастаса, мұндай әрекеттер оның өкілеттігінен тыс шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда қойылған талаптардың заңда көзделген негіздерінің бар-жоғы бағалануға тиіс.
– Ал егер тексеруші қызметкерлердің жұмысына кедергі келтіріп немесе кәсіпорын қызметіне араласса ше?
– Бұл жерде бәрі түсінікті. Салықтық бақылау кәсіпкерлік қызметке негізсіз кедергі келтірмеуі тиіс. Бақылау іс-шаралары заңда айқындалған мақсаттар шеңберінде ғана жүргізілуі қажет.
Егер лауазымды тұлғаның әрекеті жұмыс процесінің тоқтауына, клиенттерге қызмет көрсетудің кешігуіне немесе тексеруді жүргізу қажеттілігімен байланысты емес өзге де салдарға әкелсе, мұндай жағдайлар тексерушінің әрекеттері мен бақылау іс-шарасының нәтижелерінің заңдылығын бағалау кезінде ескерілуі мүмкін.
– Кәсіпкер инспектордың талаптарының заңдылығына күмәнданса, қалай әрекет еткені дұрыс?
– Ең алдымен сабыр сақтап, тек құқықтық алаңда әрекет ету қажет. Кәсіпкер лауазымды тұлғадан қойылған талаптың құқықтық негізін түсіндіруді және қандай заң нормасына сүйеніп отырғанын көрсетуді сұрауға құқылы.
Егер талаптың заңдылығына күмән туындаса, мән-жайды тіркеп, тексеру қорытындысы бойынша рәсімделетін құжаттарға өз ескертпелерін енгізген жөн. Ал негіз болған жағдайда заңда көзделген әкімшілік немесе сот тәртібімен шағымдану тетіктерін пайдалануға болады.
Ұлттық казино операторлары қауымдастығының заңгері Артём Тимошенконың айтуынша, мемлекеттік бақылау заңмен берілген өкілеттік шегінде ғана жүзеге асырылуы тиіс.
Кәсіпкерлер заңды талаптарды орындауға міндетті. Сонымен қатар олар әрбір талаптың құқықтық негізін білуге және өз құқықтарын тек заңда көзделген тәсілдермен қорғауға құқылы.
Осы қағидаларды сақтау мемлекет пен бизнес арасындағы мүдделер теңгерімін қамтамасыз етіп, салықтық бақылау барысында туындайтын даулы жағдайлардың санын азайтуға мүмкіндік береді.
