Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДА РОБОТТАНДЫРЫЛҒАН ХИРУРГИЯ ӘДІСТЕРІ ЕНГІЗІЛУДЕ

Қазақстанда туберкулезді емдеу кезінде өкпеге роботтың көмегімен операция жасау әдісі алғаш рет қолданылды. Екі хирургиялық отаны ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының мамандары Қытайдан келген сарапшылармен бірлесіп, кеуде хирургиясының заманауи әдістеріне арналған халықаралық шеберлік сабағы аясында орындады.

Харбин медицина университетінің жанындағы онкологиялық аурухананың профессоры Сюй Шидун пен кеуде хирургі Фэнхай Жэнь операцияларды жоспарлауға және қазақстандық әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеуге қатысты. Хирургиялық бағдарлама аясында оң және сол өкпенің жоғарғы бөлігін алып тастау оталары жасалды.

Орталық директоры Малика Аденованың айтуынша, роботтандырылған технологияларды енгізу елімізде жоғары технологиялы кеуде хирургиясын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Мұндай әдістерді тәжірибе жүзінде меңгеру халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және заманауи медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге де ықпал етеді.

Операциялар тікелей эфирде көрсетілді. Білім беру бағдарламасына басқа медициналық ұйымдардың білім алушыларын қоса алғанда, 20-ға жуық адам қашықтан қатысты.

Back to top button