Қостанай облысының Әулиекөл ауданында прокуратура кәсіпкерлікті қолдауға бөлінген қаражатты пайдалану кезінде заң бұзушылықты анықтады.
2023 жылы бір азаматқа бизнес-жобаны жүзеге асыру үшін 1,38 млн теңге көлемінде грант берілген. Алайда тексеру барысында сатып алынған жабдықтың мақсатқа сай пайдаланылмағаны, сондай-ақ оның нақты техникалық сипаттамалары есептік құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келмейтіні анықталды.
Прокуратура материалдары негізінде құқық қорғау органдары алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Грант алушы заң бұзушылықты мойындап, келтірілген залалды толық өтеп, бюджетке 1,38 млн теңгені қайтарды. Кінәсін мойындауы және залалды ерікті түрде өтеуіне байланысты қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды.
Прокуратура грант қаражаты тек мақсатқа сай және оны беру шарттарына сәйкес пайдаланылуы тиіс екенін еске салды.
