Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА КҮНІН АТАП ӨТУДЕ

 

15 қарашада Қазақстанда Ұлттық валюта күні және қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіледі.

Теңге 1993 жылғы 15 қарашада Қазақстан Президентінің Жарлығымен айналымға енгізілді. Оған дейін елімізде кеңестік рубль қолданылды. Ақша айырбастау бір теңге үшін 500 рубль бағамы бойынша жүргізілді.

Ұлттық валютаны әзірлеу жұмыстары оны ресми түрде айналымға енгізуден бұрын басталған. 1992 жылғы тамызда алғашқы банкноттардың эскиздері Ұлттық банкке ұсынылды. Олардың дизайнын қазақстандық суретшілер Хайролла Ғабжалелов, Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин және Әбілсалы Дүзелханов әзірледі.

Ол кезде Қазақстанда банкнот басып шығаратын және монета соғатын кәсіпорындар болмағандықтан, теңгенің алғашқы партиясы Ұлыбританиядағы «Харрисон және ұлдары» фабрикасында дайындалды. Ал 1995 жылы елімізде өз банкнот фабрикасы ашылды.

Алғашқы банкноттарда тарихи тұлғалар мен мәдениет қайраткерлерінің портреттері бейнеленді. Олардың қатарында әл-Фараби, Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Әбілқайыр хан және Абылай хан болды. Банкноттардың сыртқы бетінде Қазақстанның табиғи және сәулет ескерткіштері бейнеленді.

Уақыт өте келе ұлттық валютаның дизайны өзгерді. Портреттердің орнына тәуелсіз Қазақстанның символдары бейнелене бастады. Олардың қатарында «Бәйтерек», Ақорда, Тәуелсіздік монументі, «Қазақ елі» монументі және «Мәңгілік Ел» салтанат аркасы бар.

Қазіргі уақытта Ұлттық банк ежелгі сақ мәдениетінің элементтеріне негізделген «Сақ стилі» атты жаңа банкноттар сериясын кезең-кезеңімен айналымға енгізіп жатыр. Алғашқы болып 2023 жылғы желтоқсанда 5 000 теңгелік банкнота шығарылды. Кейін 10 000, 2 000, 1 000 және 500 теңгелік банкноттар жаңартылды.

Жаңартылған 20 000 теңгелік банкнотты 2026 жылдың соңында немесе 2027 жылдың басында айналымға шығару жоспарланған. Осыдан кейін банкноттардың бүкіл қатары жаңартылады.

Қазақстан теңгесі халықаралық марапаттарға да ие болған. 2011 жылы еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 10 000 теңгелік банкнота Халықаралық қағаз ақша коллекционерлері қауымдастығының (IBNS) байқауында жеңімпаз атанды.

Back to top button