Қазақстанда балық ресурстарын молайту және аквамәдениетті дамыту мақсатында балық өсіру зауыттары мен питомниктерді жаңғырту жұмыстары жеделдетілмек. Бұл мәселелер Құрылтайда Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ғылыми қоғамдастық пен бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелде талқыланды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елде тауарлық балық өндіру көлемі шамамен 23 мың тоннаға жетіп, бір жылда 26%-ға артты. Ал 2026-2030 жылдарға арналған жалпы құны шамамен 60 млрд теңге болатын 41 инвестициялық жобадан тұратын портфель қалыптастырылды.
Сонымен қатар балықты жасанды жолмен көбейту көлемі әзірге ғылыми негізделген көрсеткіштерден едәуір төмен. Бағалы балық түрлерінің шабақтарына жыл сайынғы қажеттілік шамамен 150 млн дананы құраса, мемлекеттік тапсырыс аясында су айдындарына шамамен 22 млн шабақ жіберіледі. Демек, нақты көрсеткіш ұсынылған деңгейдің 15%-ына да жетпейді.
Өндірістік қуатты арттыру мақсатында Атырау бекіре балық өсіру зауыты жаңғыртылып, Петропавл және Қамыстыбас балық питомниктерінің инфрақұрылымы дамытылуда. Бұл жұмыстар балық өсіруге арналған шабақ өндіру көлемін ұлғайтып, су айдындарын балықтандыру көрсеткіштерін ғылыми негізделген қажеттілік деңгейіне біртіндеп жақындатуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Саланы одан әрі дамыту өндірістік базаны жаңартуға, тұрақты қаржыландыруға және мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіруге байланысты. Бұл бағыттар балық популяцияларын сақтауға, биоалуантүрлілікті қорғауға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
