Жаңалықтар

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТҮРКИЯМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ АРТТЫРУДА

Алматы облысы Түркиямен инвестиция, өнеркәсіп және кадр даярлау салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. Бұл мәселелерді өңір әкімі Шыңғыс Аринов Түркияның Алматыдағы Бас консулы Тугба Алан Озденфедакармен кездесуінде талқылады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 231 млн АҚШ долларына жетті. Өңірде түрік капиталының қатысуымен 147 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 31 бірлескен кәсіпорын бар. Олар құрылыс материалдарын, сүт және кондитерлік өнімдерді, фармацевтикалық тауарларды, пластмасса бұйымдары мен сусындарды өндіру бағытында қызмет етеді.

Бірлескен өндіріс орындарын құру, заманауи технологияларды енгізу және экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды дамыту ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары саналады. Түрік тарапы да Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуеті мен өнеркәсіптік кооперация мүмкіндіктерін ескере отырып, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі.

Білім беру саласындағы байланыстар да дамып келеді. Соңғы үш жылда облыстық колледждің 50 студенті Түркияда өндірістік тәжірибеден өтті, 25 өндірістік оқыту шебері тағылымдамадан өтті, тағы төрт педагог біліктілігін арттырды. 2026 жылы түрік оқу орнымен қол қойылған меморандум тәжірибе алмасуды одан әрі жалғастыруды көздейді.

Мәдени байланыстар да ынтымақтастықты нығайтуға негіз болып отыр. Алматы облысында Қазақстандағы түрік этносының шамамен төрттен бірі тұрады. Ал 2005 жылдан бері өңірде «Ахыска» этномәдени орталығы жұмыс істейді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар іскерлік байланыстарды кеңейтуге және жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады.

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТҮРКИЯМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ АРТТЫРУДА

Back to top button