Астанада «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында етті бөлшектеу және өңдеумен айналысатын заңсыз цех анықталды. Нысан міндетті ветеринариялық-санитариялық құжаттарсыз және есептік нөмірсіз жұмыс істеген.
Қалалық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының мәліметінше, мамандар қой етінен сынама алып, зертханалық зерттеуге жіберген. Анықталған заңбұзушылық бойынша кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.
Сонымен қатар ірі және ұсақ малдан алынған, шығу тегі белгісіз 360 келі ет өнімдері «Астана-Ветсервис» кәсіпорнының пеш-инсинераторында өртеп жою арқылы кәдеге жаратылды.
Ет өнімдерін айналымға шығару және өңдеу саласындағы заңбұзушылықтарды анықтау бағытындағы тексерулер жалғасып жатыр.
