Алматы облысында туризм саласынан түсетін кіріс артып келеді. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында туризм саласынан бюджетке түскен салық түсімдері 3,9 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,3%-ға көп.
Өсім туристер ағыны мен көрсетілген қызметтер көлемінің артуымен қатар жүріп отыр. Қаңтар-маусым айларында облыстағы қонақүйлер мен демалыс орындарында 263 776 адамға қызмет көрсетілді. Көрсетілген қызметтер көлемі 8,34 млрд теңгеге жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 6,39 млрд теңге болған. Өсім 30,5%-ды құрады.
Орналастыру орындарының саны да артты: бір жыл ішінде 285-тен 308 нысанға дейін өсті. Жыл басынан бері облысқа 113 659 шетелдік турист келген. Бұл көрсеткіш бойынша өңір Қазақстанда үшінші орында тұр.
Туристердің негізгі ағыны «Іле-Алатауы», «Көлсай көлдері» және «Шарын» ұлттық парктеріне тиесілі. Сегіз айда аталған ұлттық парктерге шамамен 1,92 млн адам барған. Оның ішінде «Іле-Алатауына» — 1 324 393, «Көлсай көлдеріне» — 399 063, «Шарынға» — 202 117 адам келген.
Биыл Қонаев қаласындағы Қапшағай су қоймасының жағалауына тағы 2 млн демалушы келген.
