Ақмола облысының тұрғыны бір бөлмелі пәтерді жөндеуге төлеген 6 286 000 теңгесін қайтаруға қол жеткізді. Дауды Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сауда департаментінің көмегімен сотқа дейінгі тәртіпте реттеу мүмкін болды.
Азамат 17 қыркүйекте департаментке жүгінген. Оның айтуынша, ауызша келісім жасалғаннан кейін екі ай өткен, алайда жөндеу жұмыстары іс жүзінде орындалмаған. Осыған байланысты тұтынушы төлеген қаражатын қайтаруды талап еткен.
Департамент қызметкерлері құқықтарды қорғау тәртібін түсіндіріп, сотқа дейінгі талап-арызды дайындауға көмектескен. Нәтижесінде ұйым тұтынушыға сотқа жүгінбей-ақ 6,286 млн теңге көлеміндегі қаражатты толық қайтарған.
Департамент мамандары дау туындаған жағдайда келісімшарттарды, қолхаттарды, чектерді, төлем құжаттарын және орындаушылармен жазысқан хат-хабарларды сақтауға кеңес береді. Бұл материалдар мәміленің талаптары мен төлем жасалғанын растауға көмектеседі.
