Жаңалықтар

ЖЕРГІЛІКТІ ӨНДІРІС ЕТІ

Алматы облысының Кеген ауданында «КегенМясПром» ет өңдеу кешені іске қосылды. Құны 2,5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба жергілікті мал шаруашылығының өндірістік әлеуетін арттырып, дайын ет өнімдерінің көлемін ұлғайтуға бағытталған. Бұл туралы өңір әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кәсіпорын тәулігіне 10 тоннаға дейін ет өңдеп, жартылай фабрикаттардың 20 түрін өндіре алады. Қазір зауытта 50-ге жуық адам жұмыс істейді. Өндіріс барысында ірі қара, ұсақ мал және жылқы еті өңделеді. Алдағы уақытта өнімді ірі сауда желілері мен өндірістік цехтарға жеткізу жоспарланып отыр.

Жобаның негізгі міндеттерінің бірі – жергілікті мал шаруашылығы қожалықтары мен өңдеу өнеркәсібі арасындағы байланысты нығайту. Малды аудан аумағында тікелей өткізу мүмкіндігі шаруаларға тасымал шығындарын азайтып, өнімді сатуды жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Алматы облысының әкімі Шыңғыс Ариновтың айтуынша, кешеннің іске қосылуы Кеген ауданының кәсіпкерлігі мен экономикасын дамытуға қосымша жағдай жасайды. Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу саласында жобаларды жүзеге асырып жатқан инвесторларды қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

Кәсіпорын басшысы Светлана Козубакова өңірді таңдауға оның табиғи жағдайы мен мал шаруашылығын дамыту әлеуеті себеп болғанын айтты. Зауыт заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оларды сатып алу кезінде кәсіпкерлер мемлекеттік субсидия алған. Сонымен қатар кәсіпорында мамандарды оқыту жұмыстары ұйымдастырылған.

Жобаны дамытудың келесі кезеңінде 5 мың бас малға арналған бордақылау алаңын салу жоспарлануы мүмкін. Бұл кәсіпорынның шикізат базасын кеңейтіп, мал шаруашылығы мен өнеркәсіптік өңдеуді біртұтас өндірістік тізбекке біріктіруге мүмкіндік береді.

Back to top button