Жаңалықтар

ИМПОРТ АЗАЙЫП, ОТАНДЫҚ АЛМА ӨНДІРІСІ АРТАДЫ: ҚАЗАҚСТАН БАҚША ӨНІМІН ДАМЫТУДА

Қазақстанда алма өндірісі артып келеді. 2025 жылы елімізде 26,2 мың гектар бақтан 205,2 мың тонна алма жиналды. Өнімділік гектарына 83,9 центнерді құрады. Ішкі нарықты қамтамасыз етудегі отандық өнімнің үлесі 74%-ға жетті.

Алма бақтарының ең үлкен аумағы Түркістан облысында — 13,4 мың гектар, Алматы облысында — 6,3 мың гектар және Жетісу облысында 3 мың гектарды құрайды. Саланы дамыту тек өнім көлемін арттыруға ғана емес, сонымен қатар алма өсіру, сақтау және өңдеудің заманауи технологияларын енгізу арқылы импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған.

Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдары, көшеттер мен суару суына субсидия беріледі. Инвестициялық қолдау шаралары қарқынды бақтар отырғызуды, ирригация жүйелерін дамытуды, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды және жеміс сақтау қоймаларын салуды қамтиды.

Өнімді өңдеу де саланы дамытудың маңызды бағыты болып қала береді. 2025 жылы елімізде 19,6 млн литр алма шырыны өндірілді. Ал 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында бұл көрсеткіш қосымша 12,6 млн литрді құрады.

Отандық бақ шаруашылығының одан әрі дамуы өнімділікті арттыруға, жиналған жемістің сақталуын қамтамасыз етуге және өңдеу қуаттарын кеңейтуге байланысты. Өндірістің барлық кезеңін дамыту жиналған өнімді тиімді пайдалануға және қазақстандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Back to top button