2023 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстанның су саласына 970,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның 192,6 млрд теңгесі биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында салынған. Басты басымдықтар — инфрақұрылымды жаңғырту, су қоймаларын салу және су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру.
2024–2025 жылдары саладағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 676,7 млрд теңгеге жетті. Бұл алдыңғы екі жылдық кезеңмен салыстырғанда 79%-ға көп.
Инвестициялар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда. Атап айтқанда, Ислам даму банкінің қатысуымен Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында үш су қоймасын салу жұмыстары жүргізілуде. Ал Азия даму банкінің қолдауымен Ақмола облысында Есіл контрреттегішін салу көзделген.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, су шаруашылығы нысандарын жаңғырту сумен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға, су шығынын азайтуға және су ресурстарын басқару тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді. Халықаралық ынтымақтастық аясында заманауи технологияларды енгізу, саланы цифрландыру, ғылыми әлеуетті дамыту және білікті кадрлар даярлау бағыттарына да басымдық берілуде.
