Қазақстанда жаңа туған нәрестелер өлімінің көрсеткіші 1000 тірі туған нәрестеге шаққанда 3 жағдайға дейін төмендеп, Орталық Азия елдері арасындағы ең төменгі деңгейге жетті. Сондай-ақ елімізде БҰҰ-ның балалар өлімін азайту жөніндегі халықаралық межелері мерзімінен бұрын орындалды. Бұдан бөлек, алдағы уақытта 16 жаңа балалар ауруханасы мен перинаталдық орталық салу жоспарланып отыр.
Басты міндеттердің бірі — шала туған және дене салмағы өте төмен сәбилердің өмір сүру мүмкіндігін арттыру. Қазіргі уақытта бұл санаттағы нәрестелердің өміршеңдік көрсеткіші 57%-ды құрайды. Бұл нәтижені одан әрі жақсарту үшін неонатологиялық көмекті дамыту, заманауи медициналық технологияларды енгізу және ауруханалардың материалдық-техникалық базасын жаңарту көзделген.
Сонымен қатар жүктілік кезеңінен бастап асқынулардың алдын алу жұмыстары күшейтілуде. «Аналар саулығы» бағдарламасы аясында ұрықтың денсаулығын қорғау жөніндегі 22 орталықта бір күндік клиникалар ұйымдастырылып, патологияларды ерте анықтау мен құрсақішілік емдеудің заманауи әдістері енгізілді. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, туа біткен даму ақауларын анықтау көрсеткіші 12%-ға артқан, ал осы себептерге байланысты нәрестелер өлімі 15%-ға төмендеген.
Ана мен баланы қорғау саласындағы алдағы реформалар медициналық көмектің сапасын арттыруға, баланың денсаулығына төнетін қауіптерді дер кезінде анықтауға және еліміздің өңірлері арасындағы мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігіне қатысты айырмашылықтарды азайтуға бағытталған.
