Жаңалықтар

САПАСЫЗ БОЛЫП ШЫҚҚАН 700 МЫҢ ТЕҢГЕЛІК СЫЙЛЫҚТЫҢ АҚШАСЫ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Маңғыстау облысының тұрғыны Instagram арқылы алтын сырға сатып алғаннан кейін қиындыққа тап болды. Құны 700 мың теңге тұратын әшекейді ол енесінің 70 жылдық мерейтойына алдын ала сыйлық ретінде сатып алған.

Сыйлық мерекелік шара күні табысталған. Алайда араға небәрі бір жарым сағат салып, сырғаның бірі сынып қалған. Әшекей ортасынан жарылып, іс жүзінде екі бөлікке бөлінген. Кейін мұқият тексеру барысында бұйымның жалғау элементі тым жұқа болғаны анықталды. Соның салдарынан әшекей пайдалануға шыдамаған.

Сатып алушы сатушыға хабарласып, сапасыз тауарды ауыстыруды немесе ақшасын қайтаруды талап еткен. Алайда оның талабы қанағаттандырылмаған. Сатушы сатып алынғанына бір ай болғанын айтып, қаражатты қайтарудан бас тартқан.

Бұл шешіммен келіспеген әйел Маңғыстау облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді.

Департамент қызметкерлері жағдайды Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының талаптарына сәйкес қарап, тұтынушының заңды мүдделерін қорғауға жәрдемдесті.

Нәтижесінде мәселе сатып алушының пайдасына шешілді. Сатушы сатып алынған әшекейдің толық құнын, яғни 700 мың теңгені қайтарды.

Back to top button