Жаңалықтар

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУДЫ ОРТАҚ ІСКЕ АЙНАЛДЫРАДЫ

«Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы еліміздің 6,9 миллионнан астам тұрғынын біріктірді. Жыл басынан бері науқан аясында 1,1 миллион гектар аумақ тазартылып, мыңдаған тонна қалдық шығарылды, 1,3 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Еріктілер, жастар, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдардың қатысуымен барлығы 753 іс-шара ұйымдастырылды.

Сонымен қатар экологиялық тәрбие беру жүйесі де дамып келеді. «Жасыл балабақша» жобасы 295 мектепке дейінгі ұйымды қамтыды. Ал мектептерде қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға арналған 158 мыңнан астам сынып сағаты өткізілді.

Қоғамдық бақылаудың тағы бір құралы — TazaQazBot Telegram-боты. Ол арқылы аумақтардың санитарлық жағдайы мен абаттандырылуына қатысты 59,6 мың өтінім түскен. Кері байланыс тетігі тұрғындарға мәселелер туралы хабарлап, қоғамдық кеңістіктердің жай-күйіне назар аударуға мүмкіндік береді.

Мұндай ауқымды жұмыстың тиімділігі тек атқарылған шаралардың көлемімен ғана емес, нәтижелердің тұрақтылығымен де өлшенеді. Атап айтқанда, жасыл желектерді сақтау, қоқыс үйінділерінің қайта пайда болуының алдын алу және анықталған заңбұзушылықтарды уақтылы жою маңызды. Бастаманың ұзақ мерзімді нәтижесі экологиялық іс-шаралардың аумақтарды жүйелі басқарудың ажырамас бөлігіне айналуына және азаматтардың күнделікті өмірінде тұрақты дағды ретінде қалыптасуына байланысты.

Back to top button