Қазақстанда туризм экономикалық өсімнің негізгі драйверлерінің біріне айналып келеді.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Almaty Superski жобасының маңызына қатысты пікір білдіріп, мәлімдеді. Оның айтуынша, туристік инфрақұрылымды дамыту қауіпсіздік, экология және қызмет көрсету сапасы бойынша заманауи талаптарға сай болуы тиіс.
2024 жылы Қазақстанға 15,3 миллион шетелдік турист келген. Ал ел ішінде саяхаттағандар саны 10,5 миллион адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 900 мың адамға артқан.
Әсіресе табиғи және тау туризміне қызығушылық қарқынды өсіп келеді. Өткен жылы еліміздің ұлттық парктеріне 2,8 миллион адам келіп, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 18 пайызға көбейген.
Аида Балаева атап өткендей, бүгінде табиғат аясында демалуды белсенді туризм әуесқойлары ғана емес, сонымен қатар жаяу серуендеу, қысқамерзімді сапарларды ұнататындар және таза ауада уақыт өткізуді жөн көретін балалы отбасылар да таңдауда. Бұл ішкі туризмнің танымалдылығы артып келе жатқанын және саланың алдағы дамуы үшін әлеуетінің жоғары екенін айғақтайды.
